Университет туралы

УНИВЕРСИТЕТ ТАРИХЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің тарихы 1957 жылдан бастау алады.
«Батыс және Солтүстік-Батыс Қазақстанды білікті дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында…» СССР жоғары білім министрлігінің бұйрығымен 1957 жылы 1 қыркүйекте «Емдеу ісі» мамандығы бойынша Ақтөбе мемлекеттік медицина институты (АқММИ) ашылды.
Институттың бірінші ректоры болып медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, кейіннен медицина ғылымдарының докторы, академик А.Б.Дайыров тағайындалды.
Институттың ашылуы Қазақстанның медициналық білімі мен ғылымының дамуына бастау салды. Бірінші оқытушылар СССР-дың жетекші медициналық институттарынан келді. Оқу процесі қысқа мерзімде ұйымдастырылып, студенттердің бірінші қатарын қабылдау жүргізілді және Ақтөбе жерінде жаңа жоғары оқу орнының дамуы басталды. Алғашқы декан болып м.ғ.к., доцент А.П.Сорокин тағайындалды, ол іргелі кафедралардың бірі қалыпты анатомия кафедрасын және Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарының арасында үздік болған анатомиялық мұражайды ұйымдастырды. 1957 жылдың қазан айының орталарында институтта жеті кафедра ашылды. Ректор А.Б.Даиров 1957 жылдан бастап 1963 жылға дейін қоса атқару қызметі бойынша жалпы хирургия кафедрасын басқарды. Осы кезеңде АқММИ-да 33 кафедра құрылды, оның ішінде 17-сі клиникалық бағытта болды.
1963 жылы Н.Д.Растопчиннің жетекшілігімен жас мамандардың бірінші шығарылымы болды: емдеу бейіні бойынша 157 дәрігер үлкен өмірге жолдама алды. Оның жетекшілігімен урология кафедрасы ашылды, морфологиялық корпустың құрылысы басталды.
Ректор қызметіне В.Н.Андреев келген уақытта (1966-1968жж.) морфологиялық ғимараттың құрылысы аяқталып, балалар аурулары және фтизиатрия кафедралары ашылды.
Ректор Т.Ш.Шарманов ЖОО-на басшылық еткен кезеңдерде (1968-1971жж.) педиатриялық факультет және дайындық бөлімі, жаңадан үш кафедра ашылды, тағамтану мәселелеріне арналған ғылыми проблемалық зертхана ұйымдастырылды, көп тиражды «Медик» газеті шығарыла бастады.
1971 – 1995 жылдар аралығында институтты А.С. Смағұлов басқарды. А.Смағұлов басқарған кезде институттың материалдық-техникалық және ғылыми базасы нығайды – ғылыми-зерттеу орталығы, 2 оқу-зертханалық ғимарат, 3 жатақхана салынды, бас ғимараттың құрылысы басталды, 7 кафедра ұйымдастырылды, дәрігерлерді жетілдіру, орта медицина қызметкерлерінің, дәрігерлердің біліктілігін арттыру факультеттері ашылды.
Институттың Ғылыми кеңесінің ерікті бастамасында ректор болып сайланған Ж.К. Ордабаевтың басшылық кезеңінде (1995-1998 жж.) бас ғимараттың құрылысы аяқталды, кафедралар мен әкімшілік бөлімшелердің көшірілуі жүзеге асырылды, академия тарихы және Батыс Қазақстан денсаулық сақтау мұражайын ұйымдастыру басталды.
1997 жылдың басты оқиғасы жаңа (бас) ғимараттың ашылуына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың ЖОО-на сапары болды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен институт академия мәртебесін алды.
Үш жылдан кейін (1998-2000) ректор Ж.А.Досқалиев басқарған тұста ЖОО-ның атауы м.ғ.д., біртуар қоғамдық-саяси қайраткер, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, ЖОО-да 20 жылдан астам қызмет еткен Марат Оспановтың атағы беріле отырып, Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына ауыстырылды.
Ректор Ж.А.Досқалиевтің тұсында санитарлық-гигиеналық және стоматологиялық факультеттер ашылды, университет үшін «Эксперимент және клиника жағдайларында бауыр клеткаларының трансплантациясы» жаңа кешенді мәселесі бойынша ғылыми зертхана ұйымдастырылды, модулді отбасы клиникасы ашылды, спорттық «Жәнібек» бокс клубы ұйымдастырылды.
Ректор қызметінде К.К.Жолмұхамедов басшылық еткен тұста (2000-2003жж.) студенттердің инновациялық әдіспен оқуы басталды: компьютерлік тестілеу орталығы және «Фармакология», «Клиникалық фармакология» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес ашылды, фармацевтика факультетіне студенттерді қабылдау басталды. «Кәсіби патология орталығының» филиалы ашылды.
2001-2002 жылдары университет орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім беру, сондай-ақ медициналық қызмет саласында білім беру қызметін жүргізу құқығына мемлекеттік лицензияға ие болды.
Ректор С.Ф.Беркінбаевтың басшылығымен (2003-2007 жж.) дәрігерлердің білімін жетілдіру факультетінде 4 жаңа кафедра, медициналық-профилактикалық және фармацевтикалық факультеттерде бірқатар кафедралар ашылды, орта кәсіби білімі бар мамандарды дайындау факультеті құрылды, диагностикалық және кардиологиялық орталықтар, стоматологиялық емхана ашылды, ЖОО-ның 50 жылдық мерейтойына орай күрделі жөңдеуден өтті және тарихи мұражай реконструкциядан өтті. 2007 жылы жеке клиника базасында (Медицина орталығы) Батыс Қазақстанда бірінші кардиохирургиялық орталық ашылды.
2008 жылдан бастап м.ғ.д., профессор Е.Ж.Бекмухамбетов университет ректоры болып табылады. 2009 жылы ЖОО-ны Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті мәртебесін алды.
Марат Оспанов атындағы БҚММУ бүгінгі таңда мамандары ЖОО-ның танымал ғалымдары негіздеген ғылыми мектептер дәстүрін жалғастырып келе жатқан ірі оқу, ғылыми және медициналық мекеме болып табылады. Білім беру процесі жоғары оқу орны (бакалавриат, интернатура) және жоғары оқу орнынан кейінгі (резидентура, магистратура, PhD-докторантура) негізгі білім беру бағдарламалары бейіні бойынша мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыруды қамтиды. Бүгінгі таңда студенттердің 60% -ы мемлекеттік білім гранты негізінде білім алады, сонымен қатар, облыстық әкімдіктерден медициналық кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді. Шетелдік студенттерді қабылдау бойынша жұмыс жүргізілуде, қазіргі уақытта Үндістаннан 264 студент білім алуда. Марат Оспанов атындағы БҚММУ Ақтөбе облысы мен барлық Батыс Қазақстан облысын медициналық кадрлармен қамтиды.
2014 жылы Марат Оспанов атындағы БҚММУ институционалдық аккредиттеуден өтті, ал 2016 жылы тәуелсіз аккредиттеу және рейтингтік агенттігі (ТАРА) арқылы бакалавриат пен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының барлық білім беру бағдарламалары халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден өтті.
Университетте 5 оқу-зертханалық ғимарат, 2100 орындық 5 студенттік жатақхана бар. 2016-2017 оқу жылында 1000 адамға арналған жатақханадан тұратын заманауи кешеннің құрылысы аяқталды, 700 орындық А.Досжанова атындағы конференц-холл, заманауи кітапхана бар. Білім алушылар университеттің жеке үш аккредиттелген клиникасын: медицина орталығы, отбасы медицина клиникасы және стоматологиялық клиника қолданады.
2004 жылдан бастап ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы қадағалау комитетімен ұсынылған басылымдар тізіміне енгізілген «Батыс Қазақстан медицина журналы» ғылыми-мерзімді журналы; 2017 жылдан бастап – «Марат Оспанов атындағы БҚММУ конференциялар сериясы» журналы жарық көрді.
Университетте PhD докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғау үшін диссертациялық кеңес жұмыс істейді.
Батыс Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері арасынан запастағы офицерлерді даярлайтын жоғары оқу орныаралық әскери кафедра бар. Әскери-медициналық факультетте болашақ әскери дәрігерлер білім алады.
Марат Оспанов атындағы БҚММУ өзара қарым-қатынастар туралы меморандумдар, келісімшарттар, халықаралық серіктестік туралы келісімдер негізінде жыл сайын дамып келе жатқан 45 жетекші шетелдік ЖОО-мен медицина ғылымы, білім беру және практикалық денсаулық сақтау саласында серіктестікті жүзеге асырады. Студенттер мен ПОҚ-ның академиялық ұтқырлығы бағдарламасы жүзеге асырылады.
ЖОО-ы Еуропадағы Медициналық Білім Қауымдастығымен (AMEE), Еуропаның Медициналық Мектептер Қауымдастығымен (AMSE) серіктестік жасайды, Дүниежүзілік денсаулық сақтауды ұйымдастыру медициналық мектептерінің директорийіне (World Directory of Medical Schools, WHO), ЮНЕСКО Университеттердің Халықаралық анықтамалығына қосылған.
К.Марцинковский атындағы медицина университеті (Польша) Университеттің стратегиялық серіктесі болып табылады. Серіктестік аясында серіктес-ЖОО-ның жетекші қызметкерлері топ-менеджерлер және ПОҚ ретінде қызмет етеді.
ЖОО-ы құрылған уақыттан бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру саласында 25 мыңнан астам жас мамандар даярланды.
Университеттің тәрбиеленушілері жақын және алыс шет елдерде табысты жұмыс жасайтын Қазақстандағы көптеген ЖОО-ы мен ҒЗИ-ның оқу және ғылыми ұжымдарын басқарады.