Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің музейі – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті


Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің музейі

Музей меңгерушісі: Сейтжанова Гаухар Маралқызы, тел: 87479933643

Музей қорын сақтаушы: СундетоваБактыгуль Раульқызы: 87757561345

@zkmu_bkmu @zkmu_jastary @asyl.mura_zkmu

Музей (грек тілінде museіon – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді.

Медициналық жоғары оқу орындарының музейлері материалды жинап қана қоймай, сонымен қатар медицина ғылымына араласуға, медицина мамандығына деген сүйіспеншілікті дамытуға, ұстаздарды құрметтеуге, салт-дәстүрлерді дәріптеуге, қойылған жәдігерлер негізінде науқастарға жанашырлық көрсетуге бейімдейді. Музей – мол білім мен тәрбиенің орталығы

Марат Оспанов атындағы БҚМУ музейі – оқу ордасының тарихи шежіресі мен болашақтағы даму жоспарынан сыр шертеді. 1997 жылы ашылған музей бұл күнде тарихи құнды дүниелермен толығып келеді. 60 жылдан астам тарихы бар оқу ордасының әрбір оқиғасы, жетістігі, жаңалығы музей қорында сақтаулы. Музей – тарих айнасы. Алыс-жақын шет елден келген профессорлар, қонақтар және де музейге келушілер ерекше әсер алады.

АқММИ музейін ашу туралы шешім 1996 жылдың басында Ғылыми кеңестің отырысында қабылданды. Арнайы комиссия құрылды, оның құрамына ректор, м.ғ.д., профессор Ж.Қ. Ордабаев, қалыпты анатомия кафедрасының профессоры – А.М. Гизатулина, м.ғ.д., әлеуметтік гигиена және денсаулықты ұйымдастыру курсының меңгерушісі, профессор – С.Х. Душманов, м.ғ.д., сот медицинасы кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., профессор – О.Н. Төребаев, қалыпты физиология кафедрасының жетекшісі – А.А. Утепбергенов, орыс тілі кафедрасының аға оқытушысы – Р.Б. Шанова, студент дәрігері – Д.С. Дюсупова, суретші – көркемдеуші, дизайнер – Т.Б. Әуезов, қалыпты анатомия кафедрасының лобаранты – Г.И.Черемухина қатысты.

Музей 1997 жылдың 3 қазанында АқММИ-дің құрылғанына 40 жыл толуына орай ашылды. Музейдің ашылу салтанатының алғашқы лентасын АқММИ 1971- 1995 жылдар аралығында басқарған ректор, проф. А.С. Смағұлов кесті. Музейдің алғашқы меңгерушісі, негізін қалаушы, қалыпты анатомия кафедрасының профессоры – А.М. Гизатулина болса, бүгінгі таңда музей меңгерушісі – Г.М. Сейтжанова.

Музей университеттің бас ғимаратының 2-қабатында орналасқан (68 Маресьев көшесі); жалпы ауданы 270 ш.м., 5 көрме залы бар.

Музейдің негізгі қызметі:

1. М.Оспанов атындағы БҚМУ денсаулық пен ғылымдағы серпіні мен дамуының көрінісі.

2. Тәрбие жұмысы – студенттердің және жоғары оқу орындарының студенттерінің жалпы білім деңгейін көтеру (тарихи оқиғаларға және қазіргі ғылыми жетістіктерге байланысты медицинаның даму), көрнекті ғалымдардың мерейтойлық күндеріне арналған студенттерге және университет түлектеріне арналған экскурсиялар мен тақырыптық лекциялар өткізу.

3. Музей қорын жәдігерлермен толықтыру

М.Оспанов атындағы БҚМУ музейі төртінші жыл ұйымдастырған «Артыңда із қалдыр» атты акциясы негізінде музей қоры құнды материалдармен толықтырылуда. Облыстық және қалалық мұражайлармен, университет кітапханасымен және мұрағатымен, сондай-ақ «Асыл Мура» ғылыми-зерттеу еріктілер клубымен ынтымақтастық ұйымдастыруда.