Фармакология кафедрасы өткізген тренинг-оқыту

09.06.2022 ж. медициналық қызметкер күніне орай фармакология кафедрасы Медициналық Жедел Жәрдем Ауруханасының қызметкерлеріне “Стационарлық медициналық көмек көрсету кезінде микробқа қарсы терапияны бақылау стратегиясы (СКАТ)” тақырыбында тренинг-оқыту ұйымдастырды.

Тренинг коронавирустық пандемия кезінде күшейген біздің заманымыздың маңызды мәселесін – антибиотикке төзімділікті қозғады. Фармакология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к., доцент Г.А.Смағұлова микробқа қарсы терапияны рационализациялаудың өзектілігін атап өтті, PhD, кафедра доценті А.З.Мусина СКАТ бағдарламасының мақсатымен дәрігерлерді таныстырды, дәрігердің күнделікті тәжірибесінде микробқа қарсы препараттарды қолдануды оңтайландыруға арналған құралдар және жергілікті резистенттілік бойынша деректерді жинаудың маңыздылығы туралы айтты.

Кафедра ассистенттері Ж.А.Ерғалиева және А.Б.Есенғубекова микробқа қарсы резистенттілікке қарсы күрес тұрғысынан клиникалық тәжірибеде мүмкін болатын түрлі жағдайлар кезінде тиімді тәсілдеме схемасын ұсынды. Тренинг соңында барлық қатысушылар белсенді кері байланыс беріп, өз білімдерін интерактивті әдіс арқылы тексере алды.

Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары А.А.Турушев фармакология кафедрасына осындай тренингті ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, аурухана қызметкерлерінің жаңа білім алуға және тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендігін атап өтті.