Тілдер кафедрасы өткізген семинар-тренинг

Ағымдағы жылдың 30.05.-3.06. аралығында Тілдер кафедрасында визитинг-профессорлар бағдарламасы аясында «Content and Language Integrated Learning (CLIL) Student Research Education» семинар-тренингі өтті. Семинар-тренингті Лейден (Нидерланды) университетінің профессоры Хенк Френкен жүргізді. Семинар-тренингке Тілдер, Жаратылыстану-гуманитарлық пәндер, Психология кафедрасының оқытушылары, Халықаралық медицина факультетінің топтарында сабақ беретін оқытушылар және университеттің басқа да бөлімдері мен департаменттерінің басшылары мен қызметкерлері, Ресейден арнайы шақырылған оқытушылар қатысты.

Семинар-тренингте қатысушылардың назарына студенттердің практикалық сабақтары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін үлкен қызығушылық тудыратын тақырыптар ұсынылды: Пән мен тілді кіріктіріп оқыту; Медициналық университеттердегі практикалық сабақтарда CLIL-ді қолдану; Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын талдау және жоспарлау; Ғылыми-зерттеу жұмыстары; Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын медициналық университеттердің оқу жоспарына енгізу. Семинар-тренингке университет оқытушылары мен қызметкерлерімен қатар, Халықаралық медицина факультетінің 1-4 курс студенттері де белсене қатысты. Студенттер Бирмингем университетінің профессорларының онлайн дәрістерін тыңдап, шетелдік студенттердің ғылыми жұмыстарының презентацияларын талқылады. Профессор семинар-тренингке қатысушылардың белсенді жұмысын бағалап, оқытушылар мен қызметкерлердің ағылшын тілін меңгеру деңгейінің жоғары екендігін атап өтіп, алдағы уақытта жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.